СЕССИЯДА 2024 – 2026 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ҚАЛА БЮДЖЕТІН НАҚТЫЛАУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен сегізінші шақырылымдағы қала мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Күн тәртібінде 2024 – 2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау, абаттандыру мәселелері қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е.Есқараев бірінші мәселе бойынша баяндама жасады.
Қала бюджетін нақтылау барысында бюджет көлемін 30 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылды. Бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін шешетін шығындарға басымдық берілді. Жалпы нақтылау нәтижесінде, мегаполис бюджетінің көлемі қазіргі 735 млрд теңгеден 764 млрд теңгеге дейін артатын болады.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ә.Оңғар қала аумағын абаттандыру бойынша экологиялық қолайлы және тартымды орта құру бағытындағы жұмыстардың қағидасын бекітуді ұсынды. Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарап, маңызды шешімдер қабылданды.
Сессия соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәслихат депутаттарын өзекті мәселелерді шешуде азаматтармен кездесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.